ЖАС АҚЫНДАР МҮШӘЙРАСЫ 23 қаңтар #296 орта мектебінде “Оқуға құштар мектеп” жобасы аясында мектеп кітапханасы және қазақ тілі мен әдебиеті пән бірлестігінің ұйымдастыруымен қазақ поэзиясының алыбы Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жыл толуына орай 6-7 сынып оқушылары арасында жас ақындар мүшәйрасы өткізілді. Сайыстың мақсаты – қазақ поэзиясының алыбы Жамбыл Жабаевтың шығармашылығын насихаттау, оқушылардың өлең оқуға деген қызығушылығын арттыру және шығармашылық қабілеттерін дамыту. 🪶 Сайыс 3 кезеңнен тұрды: «Жырым менің жүрегім» – Жамбыл Жабаевқа арналған өлең оқу; «Жамбылша жырлау» – ақын жырлаған тақырыптарға байланысты өлең ұйқастарын тауып, аяқтау; «Тапқыр Жамбыл» – ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты викториналық сұрақтарға жауап беру. Шара аясында кітап көрмесі ұйымдастырылып, Жамбыл Жабаевтың өмірі мен шығармашылығына қатысты деректер көпшілікке ұсынылды. Мүшәйра барысында оқушылар өз білімдері мен өнерлерін көрсетіп, белсенділік танытты. Сонымен қатар 5-сынып оқушылары «Жамбыл мен Құлмамбет» айтысынан көрініс қойды. Жамбыл өлеңдері жатқа оқылып, күмбірлеген күй тартылды. Сайыс нәтижесі бойынша: «Тәуелсіздік» тобы – I орын ; «Тарих», «Ғасыр» топтары – II орын; «Жеңіс», «Алатау», «Жыр алыбы» топтары – III орын иегері атанды. Барлық қатысушылар дипломдармен марапатталып, сыйлықтар табысталды. Сайыс жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өз мақсатына жетті! Жас ақындарымызға шығармашылық табыс тілейміз!